Оралдағы отыз жылын артқа тастаған №26 орта жалпы білім беретін мектебі – жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, алдыңғы толқынның ізін жалғастыратын буынды тәрбиелеуде тарихта ойып орын алатын білім ордасының бірі де бірегейі де десек, артық емес.
Өз есігін шәкірттеріне 1991 жылы 11 қаңтарда алғаш ашқан білім ордасының алғашқы директоры – Павел Подольный. Үш қабатты ғимаратқа алғашқы шәкірттерді қабылдау үшін оның материалдық базасын жақсарту; оқушылардың сапалы білім алуы үшін кітап қорын молайту, безендіру сияқты сан түрлі жұмыстарды Павел Петрович асқан жауапкершілікпен ұйымдастырды.
1993 жылдан бастап осы игі істі жалғастырып, мектеп басшысы қызметін атқару Е.Нұрмашеваға жүктелді. Осы оқу жылынан бастап мектебіміз мемлекеттік және орыс тілінде оқытатын мектеп ретінде жұмыс істей бастады.
Білікті де іскер Екатерина Ботанқызы өзі басшылық еткен 19 жыл ішінде білім ошағының материалдық базасын одан әрі жақсартып, білім мен тәрбие беру ісінің нәтижелі болуына талмай еңбек сіңіріп, маңдай терін төкті. Оның бастамасымен, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің қолдауымен ашылған, бүгінгі заман талабына сай жабдықталған мектебіміздегі «Абайтану» кабинетінің болашақ жас ұрпаққа берері өте көп.
2012 жылдан бастап мектепті басқару ісін Г.Орынғалиева жалғастырды. Ғибарат Марксқызы - өте талапшыл, жаңашылдықты қажет ететін білім беру үрдісіне өз ұжымын дұрыс бағыттай білетін, ұстаздық жолдың қыр-сырын меңгерген жан ретінде көрсетті.
2020 жылы мектеп директорлығы қызметіне Ляззат Құрманбекқызы тағайындалды.
Отыз оқу жылын артқа тастаған аталмыш мектеп ордасының ойы озық, шығармашылығы шырқау, ізденісі ілгері педагогтары білім бәсекелерінде бірнеше мәрте белсенділік танытудан танған емес. Осындай ұстаздар әр жылдары еңбек етіп, өздерінің саналы өмірін сапалы білім беруге арнады. Мектептің 30 жыл қызметінде В.Трофимова, Р.Шушакова, Г.Едгина, А.Михайлова сынды алдыңғы толқын ұстаздары кейінгі әріптестеріне үлгі болып, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» атты жоғары деңгейдегі марапаттарға ие болды.
Осынша жыл тарихы бар мектеп қабырғасынан жыл сайын жас түлектер өмірдің жаңа белестеріне аттанып жатады. Олардың да сан түрлі маман иелері атанып, өмірге кірпіш болып қалануы көңілге қуаныш ұялатады.
Елбасы «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында» деп қадап айтты. Тәжірибелі де шебер ұстаздар қызмет ететін №26 орта мектептің білім көшіндегі ізі жалғасын таба береді. Жарқын болашақтың іргетасы іспетті білім айдынындағы бұл кемемен біз үлкен жетістіктерге қол жеткізеріміз анық.